Бүгін Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының базасында “Жедел инфаркті” бойынша ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.
Іс-шараға өңірдің медициналық ұйымдарынан кардиологтар, кардиохирургтар, терапевтер және жалпы практика дәрігерлері қатысты.
Семинар барысында облыстың бас штаттан тыс кардиологы, Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының кардиология бөлімінің меңгерушісі Рауза Мақсұтқызы «Жедел инфаркт бойынша Жол картасының 2024 жылғы орындалуы және пациенттер маршруты» және «Жедел коронарлық синдром кезінде антиагреганттық терапия» тақырыптарында баяндама жасады.
Сонымен қатар, Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының кардиолог-дәрігері, облыс бойынша липидология кураторы Камбарова Г.А. «Дислипидемияны емдеудің халықаралық және ұлттық стандарттары» тақырыбында сөз сөйлеп, заманауи емдеу тәсілдерін түсіндірді.
Байзақ аудандық орталық ауруханасының кардиолог-дәрігері Егембердиева Д.К. «Жедел коронарлық синдромы бар науқастарды амбулаторлық деңгейде жүргізу тәжірибесі» бойынша баяндамасымен бөлісті.
Семинар аясында жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу мен алдын алу шаралары талқыланып, тәжірибе алмасу жүргізілді. Сондай-ақ өңірде кардиологиялық көмектің сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірленді.
Бұл шара медицина қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіруге және науқастарға көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.