Жамбылдық хирургтар Талас ауданында шеберлік сыныбын өткізді
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының білікті хирургтері Талас аудандық орталық ауруханасында шеберлік сыныбын өткізіп, жергілікті мамандарға күрделі хирургиялық оталарды жүргізу тәжірибесімен бөлісті.
Оқыту барысында 40 жастағы науқасқа қарынның алдыңғы бөлігінде алып жарық (грыжа) диагнозы қойылып, оған ота жасалды. Бұл патология ішкі ағзалардың құрсақ қабырғасындағы әлсіз тұстан сыртқа шығып кетуімен сипатталады. Сонымен қатар, науқаста үшінші дәрежелі семіздік анықталып, бұл операцияны күрделендіретін қосымша факторлардың бірі болды.
Хирургтер жарықты алып тастап, ішкі ағзалардың қайта түсуінің алдын алу үшін арнайы медициналық тордыпайдаланды. Бұл әдіс жарақат алған бұлшықеттер мен тіндерді бекітіп, жарықтың қайта пайда болу қаупін азайтады.
Операция сәтті аяқталып, науқастың жағдайы тұрақты деп бағаланды. Шеберлік сыныбы Талас аудандық ауруханасының дәрігерлеріне осындай күрделі хирургиялық араласуларды өз бетінше жасауға мүмкіндік беретін тәжірибе болды. Бұл өңір тұрғындарына сапалы медициналық көмекті жергілікті деңгейде алу мүмкіндігін кеңейтпек.