Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сағындық Ордабеков – 75 жаста!

Жарияланған күні: 2025-05-23

          Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер Одағының және Нью-Йорк академиясының мүшесі, жоғарғы санатты дәрігер-хирург, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сағындық Ордабеков – 75 жаста!

        Халық денсаулығын арттыру мен сақтау ісінде өлшеусіз еңбек сіңірген, ардагер-дәрігерді мерейтойымен құттықтауға еліміздің түкпір-түкпіріндегі жетекші хирург-дәрігерлер, ардагерлер мен профессор оқытушылар келді.
Сағындық Ордабековтың туған жері Сарысуда өтетін іс-шара ауылдың кіре берісінен басталды.
Қонақтарды денсаулық сақтау басқармасы мен аудан әкімшілігі күтіп алды.

   

Шипагерлік пен қаламгерлік үндестігі

     Сарысу ауданында медицина ғылымдарының докторы, профессор-хирург, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сағындық Ордабековтің 75 жылдығына арналған өңірлік ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде.

     Қазақ медицинасының дамуына орасан үлес қосқан тұлғаның мерейтойы – тек дәрігерге құрмет көрсету ғана емес, ғылым мен адамзат алдындағы шынайы еңбекке тағзым ету, жас буынға үлгі ұсыну мақсатында ұйымдастырылды.

    Бұл – ұлт саулығы үшін тер төккен ғалымның өмір жолына деген тағзым мен ізет. 

      Мерейтой иесін құттықтауға келген Баймаханов Болатбек– «ҰҒХО А. Н. Сызғанов», АҚ Басқарма төрағасы. ҚР ҰҒА академигі, профессор, м.ғ.д., Досқалиев Жаксылық - м. ғ. д, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (Астана), Жораев Шәкір- д.м.н.., профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты және басқа да еліміздегі ірі хирургиялық орталықтар басшылары ағынан жарылып, ыстық лебіздерін білдірді. Жан мен тәннің емшісі бола білген Сағындық Ордабекұлына үлгі - өнеге тұтатын жан болғандығы үшін алғыстарын білдірді.

      Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтауын жеткізген денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев профессор Сағындық Ордабековтің денсаулық сақтау саласындағы жаңашылдығы мен көпжылдық еңбегіне тоқталып, Алғыс хат табыстап, ардагерді марапаттады.

      Сондай-ақ шара барысында еліміздің жетекші медициналық ғалымдары Сағындық Ордабекұлының өмір жолы мен медициналық әдіс-тәсілдері мен тәжірибесі туралы баяндамалар жасап, бүгінгі және болашақ медицинаның бағыт-бағдарын саралады.

     

   

 

Ғалым ғұмыры – парасат парағы

Сарысу жерінде өткен ғылыми-тәжірибелік конференция аясында профессор Сағындық Ордабековтің 75 жылдық мерейтойына орай жарық көрген арнайы жинақтардың тұсаукесер рәсімі өтті.

Жинаққа оның әр жылдары жарық көрген публицистикалық мақалалары, ғылыми зерттеулері, әріптестері мен шәкірттерінің естеліктері мен пікірлері енген.

Тұсаукесер – тұлғаның жарқын бейнесін ұлықтаған рухани сәтке айналды. Бұл еңбек – кейінгі толқын жас дәрігерлер мен зерттеушілер үшін де құнды тағылым көзі болмақ.

Кітап – Сағындық Ордабековтің өмір жолы мен ғылыми мұрасын баяндайтын парасатты шежіре ретінде ел жадында қалары анық.

 

«Ордабек ата бағы» – туған жердің тағзымы

Профессор Сағындық Ордабековтің 75 жылдық мерейтойы туған топырағы – Сарысу өңірінде ерекше ілтипатпен аталып өтті.

Мерейтой аясында Үшбас ауылында «Ордабек ата бағы» атты саябақ салтанатты түрде ашылды. Бұл – ауыл жұртының абзал перзентке деген ақжарма алғысы мен терең құрметінің белгісі.

Ашылу рәсіміне мерейтой қонақтары мен ауыл тұрғындары қатысты. Жиналған көпшілік Сағындық Ордабековтің туған елге сіңірген еңбегін, кісілік келбеті мен парасат-пайымын ерекше ілтипатпен атап өтті.

Салтанатты жиында ауыл ақсақалдары бастамашы болып, ғалым-дәрігерге қазақы дәстүр бойынша ат мінгізіп, иығына шапан жауып, ақ баталарын берді. Бұл – ұлттың ұлық дәстүріне сай, ел алғысының шынайы көрінісі.

Өмірін ұлт саулығына арнаған азаматқа көрсетілген мұндай ілтипат – келер ұрпаққа өнеге, елдік қадір-қасиеттің үлгісі.

«Ордабек ата бағы» – туған жерге тағзымның, ұрпаққа қалдырылған рухани мұраның жарқын көрінісі.