Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында алғаш рет тік ішектің өз орнынан төмен сырғып, сыртқа шығуы (ректальды пролапс) диагнозымен түскен науқасқа жаңаша хирургиялық операция жасалды. Бұрын бұл инновациялық тәсіл тек республикалық деңгейдегі медициналық орталықтарда ғана қолданылса, алдағы уақытта ол өңір тұрғындары үшін де қолжетімді болмақ.
47 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны үш жылдан бері осы дертпен өмір сүріп келген. Алғашында жай ғана ыңғайсыздық тудырғанымен, уақыт өте келе дерті асқынып, өмір сапасын едәуір төмендеткен. Жағдай күрделенген сайын тік ішек 80 сантиметрге дейін сыртқа шығып, пациент тұрақты түрде арнайы төсеніштер (памперстер) қолдануға мәжбүр болған.
Ол бірнеше жыл бойы консервативті ем қабылдаған, алайда еш нәтиже болмаған. Ауру асқынған сайын тіпті қарапайым әрекеттердің өзі қиындық тудырған. Ем іздеп, Алматыдағы Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығына барып, мамандардан кеңес алған. Дәрігерлер оған операция жасауды ұсынған, бірақ Жамбыл облысында да осындай отаны жасай алатын мамандар бар екенін білген соң, осында емделуді жөн көрген.
2025 жылдың 13 наурызында Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының хирургия жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Ж. Сейдахметовтың жетекшілігімен ота сәтті жасалды.
Бұл әдістің басты ерекшелігі – аз жарақаттайтын (малоинвазивті) хирургиялық тәсіл болуы. Операция барысында іш қуысы тілік жасалып ашылмайды, ал жалпы наркоздың орнына эпидуральды анестезия қолданылады, яғни науқас ота кезінде есін біледі, саналы күйде болады. Тік ішектің сыртқа шыққан кілегей қабаты алынып, бұлшықет және серозды қабаттар жиналып тігіледі, сондықтан науқасқа аса қиындық туғызбайды.
Пациент алғашқы тәулікте-ақ өзін жақсы сезініп, үш күннен кейін ауруханадан шығарылды. Бұрын мұндай оталардан кейін реанимацияда бір күн жатып, палатада 7-10 күн ем қабылдауға мәжбүр болса, жаңа әдістің арқасында сауығу уақыты айтарлықтай қысқарды.
Бұрын бұл операция тек республикалық деңгейдегі клиникаларда ғана жасалса, енді Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында да қолжетімді.