Жамбыл облысындағы хирургия: жаңа тәсілдерді қолдану мен тәжірибе алмасу


Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының жетекші хирургтері Тұрар Рысқұлов ауданының орталық ауруханасында жергілікті дәрігерлерге шеберлік сабақтарын өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Бұл шара - аймақтағы дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Алдымен, лапароскопиялық холецистэктомия бойынша шеберлік сабағы өткізілді.

Лапароскопиялық әдіс — бұл өт қабын алуға арналған азинвазивті операция, яғни бұл операция кезінде денеге кішкене тесіктер арқылы хирургиялық құралдар енгізіліп емделеді, бұл - науқастың тезірек жазылып кетуіне мүмкіндік береді.

Мұндай әдіс қазіргі заманғы хирургияда «алтын стандарт» ретінде кеңінен қолданады, себебі ол дәстүрлі ашық операцияларға қарағанда, қауіпсіз және қалпына келу уақыты да қысқа болады.

Осы әдіс бойынша ота 62 жастағы Р. есімді науқасқа жасалды. Оның диагнозы — жедел калькулезді холецистит, яғни өт қабындағы таспен байланысты ауру. Операцияның сәтті өтуі асқынулардың алдын алып, науқастың қалпына келуіне оң әсер етті.

Сәтті жасалған операциядан соң, тез-ақ өзіне келген пациент өзін ұзақ уақыттан бері мазалаған ауруынан құтқарған дәрігерлерге алғысын жаудырып, алдағы уақытта дертін асқындырмас үшін алдын-алатындығын, салауатты өмір салтын ұстанатындығын айтып жеткізді.