Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттары арнайы жұмыс тобы аясында облыстық көпбейінді ауруханасының қызметімен танысты

Жарияланған күні: 2025-07-22

 

Мәслихат жұмыс тобы көпбейінді аурухананың қызметін зерделеді

Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттары арнайы жұмыс тобы аясында облыстық көпбейінді ауруханасының қызметімен танысты. Олар медициналық бөлімшелердің материалдық-техникалық жабдықталуын, көрсетілетін қызмет сапасын көрді.

Бұл шара 2025 жылға арналған мәслихат жоспарына сәйкес, «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының облыста іске асырылу барысын» зерделеу мақсатында ұйымдастырылды.

Жұмыс барысында аурухананың бас дәрігері Марат Жұманқұлов оларға мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен енгізілген жаңашылдық жайында баяндады.

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы — өңірдегі жетекші әрі ірі медициналық ұйымдардың бірі. Қазіргі таңда мұнда 320 төсек-орын бар. Оның 285-і тәулік бойы жұмыс істейтін стационарлық бөлімге, ал 35-і күндізгі стационарға арналған. Сонымен қатар, жансақтау бөлімінде 25 төсек-орын қарастырылған.

Аурухананың құрылымы хирургиялық және терапевтік бағыттар бойынша бөлінген. Бұл бағыттар бойынша тұрғындарға кең ауқымды әрі жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі.

Жыл сайын бұл емдеу мекемесінде 12 мыңнан астам науқасқа медициналық көмек көрсетіледі. 2024–2025 жылдары аурухана базасында алғаш рет 14 жаңа жоғары технологиялық және мамандандырылған қызмет түрі енгізілді.