
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында «Зайырлылық — бейтараптық па, әлде қағидат па?» атты дәріс оқылды.
Жамбыл облысы әкімдігінің Дін істері басқармасының өкілі Жамбыл облыстық көпбейәнді ауруханасында «Қазақстан — зайырлы мемлекет: ар-ождан бостандығы» тақырыбында лекция оқыды. Кездесуге ЖОКА қызметкерлері қатысып, зайырлылық қағидаттары, діни экстремизмнің алдын алу және интернеттегі қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
Мамандар атап өткендей, зайырлылық — дінсіздік емес, мемлекеттің құқықтық ұстанымы. Қазақстан Конституциясы өзін демократиялық, әлеуметтік, құқықтық және зайырлы мемлекет ретінде бекіткен. Бұл — мемлекеттік биліктің діннен бөлінгенін, барлық дін өкілдеріне тең құқық берілгенін және білім беру ісі зайырлы сипатта болатынын білдіреді.
Қызметкерлерег деструктивті діни ағымдардың белгілері, экстремизмнің әлеуметтік желілер арқылы таралу жолдары және олардан қорғану әдістері туралы айтылды. Қазіргі уақытта деструктивті діни ағымдар мен экстремистік ұйымдар өз идеологиясын насихаттау үшін әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады. Сондықтан сыни ойлау қабілетін дамыту — әрбір азаматтың басты қаруы.
Кездесу соңында қызметкерлер өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, діни сауаттылықты арттырудың маңыздылығы туралы кеңес алды. Лекторлар жастарды кез келген ақпаратты сүзгіден өткізіп, заң шеңберінде әрекет етуге шақырды.
Қосымша: әлеуметтік желідегі қауіпсіздік ережелері
Лекцияда интернеттегі деструктивті ағымдардың әсерінен қорғанудың бірнеше қарапайым ережесі айтылды:
Фейк-аккаунттардан сақ болыңыз. Егер адам аты-жөнін жасырып, суретін қоймай, бірақ күні-түні насихат жүргізсе — бұл қауіпті белгі.
Жабық топтарға абай болыңыз. Арнайы құпия сөзбен, кодпен кіретін және сыртқа айтпауды талап ететін топтар — деструктивті ұйымдардың белгісі.
Кураторларға назар аударыңыз. Бірнеше адамға бір куратор тағайындалса — бұл деструктивті ағымның құрығына түсуіңіздің белгісі.
Сыни ойлауды дамытыңыз. Кез келген ақпаратты фильтрден өткізіңіз. Өзіңізге сұрақ қойыңыз: «Кім айтып тұр? Не айтып тұр? Не үшін айтып тұр? Неге мен оның айтқанына сенуім керек?»
Телефонға тәуелді болмаңыз. Статистика бойынша адамдар күніне 140-344 рет телефонға қарайды, ал 16-24 жас аралығындағы жастар күніне 8 сағат әлеуметтік желіде өткізеді. Алгоритмдер сіздің қызығушылығыңызға қарай контент ұсынады, сондықтан күмәнді ақпарат көздеріне жолығып қалу ықтималдығы жоғары.
Есіңізде болсын: жауапкершілік заңмен белгіленген
Дін саласындағы заң талаптарын бұзғандар, экстремистік немесе террористік әрекеттерге барғандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ауыр террористік қылмыс жасағандар үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Есіңізде болсын: заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды және бейтаныс адамдар мен беймәлім қорларға ақша аудару терроризмді қаржыландыру бабы бойынша жауапқа тартылуыңызға әкелуі мүмкін.
Дәрістің соңында тексерілген ақпаратты алатын ресми сайттар келтіріліп, сенім телефонының жұмыс атқаратынын айтты.
Ресми сайттар:
e-islam.kz, muftyat.kz, azan.kz, muslim.kz,ummet.kz
sunna.kz, fatua.kz, asyldin.kz, mazhab.kz, islam.kz
Сенім телефондары:
8 (7262) 43-88-83 | 8 (707) 511-53-08