Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының ұжымы Ұлыстың ұлы күнін ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Көктемнің шуақты мерекесіне арналған шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев арнайы қатысып, ақжарма тілегін жеткізді.
— “Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, бірлік пен берекенің бастауы. Бұл күн халықтың ауызбіршілігін арттырып, ізгілік пен мейірімге шақырады. Сіздердің денсаулық сақтау саласындағы еңбектеріңіз әрдайым құрметке лайық. Ұжымдарыңызға береке, еңбектеріңізге табыс, әр шаңыраққа амандық тілеймін. Жаңа жыл жақсылық пен молшылық әкелсін!” – деді Ерік Мұсабаев.
Мерекелік шара барысында аурухана ауласында киіз үй тігіліп, молшылықтың белгісіндей кең дастархан жайылды. Дәстүрлі наурыз көже әзірленіп, ұлттық тағамдар ұсынылды. Ұжым мүшелері бір-біріне ақ тілектерін арнап, көктемнің шапағатына бөленді.
Наурыз тойының сәнін өнерлі қызметкерлердің әсем әні мен күмбірлеген күйі аша түсті. Ұлттық дәстүрді дәріптеген сахналық қойылымдар қойылып, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады.
Аурухана басшылығы бұл мерекенің тек табиғаттың ғана емес, адамдардың да жүрегіне жылулық сыйлайтын шуақты күн екенін атап өтті. Осындай игі шаралар ұжымдағы ынтымақ пен бірлікті нығайтып, ортақ құндылықтарды дәріптеуге сеп болатыны сөзсіз.
Наурыз құтты болсын! Береке мен молшылық әкелсін!