Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы өткен жылдың қараша айында кеуде қуысына ота жасауға лицензия алып, қосымша төсек-орындармен жабдықталған болатын.
Биыл ауруханада оң жақ өкпенің жоғарғы бөлігіндегі альвеококкозды хирургиялық емдеу алғаш рет жасалып отыр.
Операцияны бас дәрігердің хирургия жөніндегі орынбасары Жандос Сейдахметов, хирург Нұрлан Жайынбаев, анестезиолог Марат Тәжбенов жасаған.
Пациент – Мойынқұм ауданының тұрғыны, 1955 жылы туылған (бір жыл бойы ауырған). Дәрігерлерге тез шаршап, ентігу пайда болатынын және бойында жалпы әлсіздік белгілері бар екенін айтып, шағымданған.
Емделушінің айтуынша, ол бірнеше рет консервативті ем алған (операциясыз, дәрілік ем), бірақ әсері болмаған. Сөйтіп, А.Н. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы жедел емдеу керектігін айтқан.
Қаңтар айында Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасына МӘМС шеңберінде портал арқылы жоспарлы түрде келіп түскен, онда операция алдындағы дайындықтан кейін оң жақтан өкпенің жоғарғы үлестік лобэктомиясының бүйірлік торакотомиясы (аурудан зардап шеккен адам ағзасының кез келген мүшесінің анатомиялық бөлігін немесе бір бөлігін алып тастау үшін қажет хирургиялық операция) жүргізілген.
Хирургиялық араласу сәтті аяқталып, науқастың жағдайы жақсарып, сегізінші күні үйіне шығарылған.