VIII Қазақстан Ревматологтары Конгресі

VIII Қазақстан Ревматологтары Конгресі: заманауи медицинаның даму бағыттары

Бүгін, 11 сәуірде Алматы қаласында бастау алған және екі күнге жалғасатын VIII Қазақстан ревматологтарының конгресі еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жетекші ревматологтар, клиницистер мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері үшін кәсіби ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды.

Ауқымды ғылыми-практикалық жиынның алғашқы күнінде псориатикалық артритті диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістері, мультидисциплинарлық тәсілдер мен биологиялық терапия мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.

Онда облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Марат Жұманқұлов «Жамбыл облысында ревматологиялық көмекті ұйымдастырудың жетілдірілген жолдары» атты баяндамасын таныстырды.

Баяндама барысында облысымызда ревматологиялық көмекті алғашқы медициналық буынмен үйлестіру, цифрлық жүйелерді енгізу және пациенттерді бағыттау тетіктері туралы кеңінен айтылды. Бұл тәжірибе қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, сұрақ-жауап барысында өңіріміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі нақты жетістіктер атап өтілді.

«Еліміздің орталық қалаларынан тыс өңірлерде де сапалы ревматологиялық көмек көрсетуге болатынын дәлелдедік деп ойлаймын. Бұл — бүкіл ұжымның бірлескен еңбегінің нәтижесі», — дейді баяндамадан кейін сөз алған Марат Сейітбекұлы.

Жамбыл облысының делегациясы үшін бұл Конгресс тек ғылыми тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар өңірлік денсаулық сақтау жүйесінің жетістіктерін республикалық деңгейде таныстырудың тиімді платформасы болды.

Конгресс ертең де жалғасады және жамбылдық мамандар жаңа идеялар мен серіктестіктерді қолға алуға ниетті.