Республика күніне орай Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының колопроктология бөлімінде алғаш рет жаңа инновациялық операция түрі бойынша шеберлік сыныбы өтті. Оған облыстың бас хирургі Жандос Жандарбекұлы, бөлім меңгерушісі Қайрат Әкімжанұлы және аурухананың білікті проктолог-хирургтары қатысты. Бұл ерекше шара барысында өңірде бұрын-соңды жасалмаған заманауи хирургиялық әдіс қолданысқа енгізілді.
Аталмыш жаңашылдық аурухананың бас дәрігері Марат Сейітбекұлы Жұманқұловтың бастамасымен іске асырылды.
Шеберлік сыныбы барысында 66 жастағы науқасқа күрделі хирургиялық араласу жасалды. Ол бір жыл бойы тік ішектің созылмалы іріңдеуі салдарынан тік ішек пен қынап арасындағы жыланкөзден зардап шегіп келген, бұл оның өмір сүру сапасына қатты әсер еткен еді. Операция барысында фистула қалыпқа келтіріліп, үлкен дәреттің табиғи жолмен шығуына мүмкіндік жасалды. Ота сәтті аяқталып, алғашқы тәулікте науқастың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды.
Айта кетейік, операция “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы шарты негізінде МӘМС қаражаты есебінен жасалынды.
Бұрын тек республикалық орталықтарда жасалатын мұндай операциялардың енді Жамбыл облысында да жүргізілуі аймақ үшін маңызды жетістік. Бұл жаңашылдық арқылы өңірдегі науқастарға сапалы медициналық қызмет қолжетімді бола түсті. Енді осындай күрделі жағдайлары бар науқастар өз өңірінде ем қабылдай алады, бұл денсаулық сақтау саласының жергілікті деңгейде дамуына үлкен серпін береді.
@densaulyk.zhambyl