Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында күрделі операция сәтті өтті
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының хирургия бөлімінде 47 жастағы Шу ауданының тұрғынына күрделі операция сәтті жасалды. Науқас облыстық аурухананың жедел хирургия бөліміне «Асқазан-ішек жолдарынан қан кету» диагнозымен жеткізілді. Қан құсу мен қан аралас үлкен дәрет шығу белгілері оның жағдайының ауыр екенін айқындап, дереу жедел медициналық көмекке қажеттілік туғызды.
Пациенттің анамнезінде асқазан асты безі қатерлі ісігі анықталды. Ол облыстық онкология диспансерінде есепте тұрып, тиісті емдер алған. Алайда соңғы уақытта науқастың жағдайы күрт нашарлап, асқазан асты безінің ісігі іріңдеп жарылып, асқазан-ішек жолдарынан қан кетуі басталған.
Бұл жағдайда жедел хирургиялық араласу қажет еді. Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігерлері науқастың өмірін сақтау үшін гемостатикалық және гемотрансфузиялық емдер жүргізді. Науқастың жағдайы біршама тұрақтанғаннан кейін, күрделі операцияға дайындық басталды.
Операция барысында хирургтар асқазанның артқы қабырғасына жабысып өскен ұйқы безінің ісігін анықтады. Ісік жарылып, іріңдеп қан кетуі байқалды. Жамбыл облыстық ауруханасының хирургиялық командасы жоғары кәсібилікпен бұл қиын жағдайды шешіп, ұйқы безінің гастропанкреатодуоденальды резекциясын сәтті өткізді.
Хирургтар мен медициналық топтың бірлескен жұмысы нәтижесінде ота толықтай сәтті өтті.
Хирургиялық араласудың нәтижесін де науқастың жағдайы тұрақталды. Бүгінде үйіне шығарылуға дайындалып жатыр.