Медициналық-стационарлық қызметтің сапасын арттыру және аудандық денсаулық сақтау жүйесінің жұмысын жетілдіру мақсатында Талас аудандық көпбейінді орталық ауруханасында шеберлік сыныбы өтті.
Онда Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының білікті хирургі Жантөре Молдашев пен Талас аудандық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Бахытжан Ментаев бірлесіп, заманауи хирургиялық тәсілдерді қолданып тәжірибе алмасты. Шеберлік сыныбы барысында хирург-дәрігер Жантөре Молдашевтің жетекшілігімен 60 жастағы науқасқа лапароскопиялық холецистэктомия жасалды.
Лапароскопиялық холецистэктомия – әлемде ең жиі қолданылатын әрі қауіпсіз деп саналатын операциялардың бірі. Ол өт қабындағы тастар қабынып, ауырсыну мен инфекция тудырған жағдайда қолданылады. Бұл әдіс созылмалы калькулезді («тас») холециститті және кейбір жағдайларда жедел холециститті емдеуде «алтын стандарт» ретінде мойындалған.
Заманауи бейнежүйелердің арқасында кескін сапасы жоғары болып, ағзалардың құрылымын анық көруге мүмкіндік береді. Бұл әдіс ашық операциядан әлдеқайда тиімді әрі пациент үшін қауіпсіз. Қазіргі таңда Талас аудандық көпбейінді орталық ауруханасының хирургтары өт-тас ауруына шалдыққан науқастарға, соның ішінде созылмалы калькулезді холециститпен түскен пациенттерге лапароскопиялық холецистэктомияны тұрақты түрде жасап келеді.