Талас аудандық көпбейінді орталық ауруханасына іс-сапар

                                                                                 Медицина сапасын арттыру – басты міндет

        Бүгін Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігерлері стационарлық қызметтің сапасын жақсарту және медициналық көмекті жетілдіру мақсатында Талас аудандық көпбейінді орталық ауруханасына іс-сапармен барды.

       Жұмыс тобының құрамында Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігерінің хирургия жөніндегі орынбасары, штаттан тыс бас хирург Жандос Сейдахметов, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Қазанғапова, кардиология бөлімінің меңгерушісі, штаттан тыс бас кардиолог Раузa Жубандыкова, нейроинсульт бөлімінің меңгерушісі, штаттан тыс бас невропатолог Айгүл Момуналиева, штаттан тыс бас ревматолог Бағлан Тапаева, эндокринолог Барно Малаева, ангиохирург Рахым Сәдібек, кардиохирург Ғалымжан Бутинбаев және гинеколог Нұржан Есжанов болды.

           Іс-сапар барысында дәрігерлер аурухананың стационар бөлімін аралап, оның қызметімен жан-жақты танысты. Қабылдау бөлімінен басталған жұмыс жансақтау, терапия, инсульт орталығы, жүйке аурулары, физиотерапия және реабилитация бөлімдерін қамтыды. Қабылдау бөлімінде триаж жүйесі, дәрі-дәрмектердің жеткіліктілігі және алғашқы көмек көрсету алгоритмі тексерілді. Ал терапия және инсульт орталығында науқастарды емдеу әдістері қарастырылып, пациенттермен ашық әңгіме жүргізілді.

      Физиотерапия және реабилитация бөлімінде инсульттен кейінгі оңалту шараларының тиімділігі сараланып, медициналық құрылғылардың жұмысы талқыланды. Сонымен қатар, облыстың жетекші кардиолог және невропатолог мамандары инсульт кезінде көрсетілетін кешенді медициналық қызмет сапасын жетілдіру бойынша пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.

       Сапар барысында Гүлнұр Қазанғапова аурухананың даму бағытына қатысты маңызды ұсыныстарын айтып, медициналық көмектің сапасын арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

          Облыстан келген білікті мамандар 50-ге жуық тұрғынды қабылдап, оларға қажетті медициналық кеңес берді. Бұл іс-шара аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуға, медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға және өңірдегі медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды.