Бүгін Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Марат Жұманқұловтың ұйымдастыруымен атақты хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабековтың 75 жылдық мерейтойына орай кең көлемді конференция ұйымдастырылып, оның медицина саласындағы теңдессіз еңбегіне деген құрмет пен алғыс ерекше атап өтілді.
Жарты ғасырға жуық уақыт бойы хирургияның дамуына зор үлес қосқан, елімізге танымал профессорды көпшілік үлкен қошеметпен құттықтап, үлкен ілтипат білдіріп, жүрекжарды тілектерін арнады.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев және «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Гүлмайра Момбекова өздерінің жүрекжарды құттықтауларын білдіріп, оның кәсіби жолы мен тұлғалық қасиеттеріне ерекше баға беріп, сый-сияпат табыстады.
Конференция барысында медицина ғылымдарының докторы, профессор Сейітхан Жошыбаев та сөз алып, сала ардагеріне ізгі тілектерін арнап, оны мерейтойымен құттықтап, сыйлық тарту етті.
Профессордың еңбегіне деген құрмет тек оның кәсіби қызметіне ғана емес, сондай-ақ шәкірттеріне және әріптестеріне көрсеткен ықпалы мен қолдауларына да байланысты екенін атап өтті.
Әрі қарай, оның әріптестері мен шәкірттері және жақын достары жиылып, бұл маңызды күннің мәнін арттыра отырып, өз ізгі тілектерін жеткізді. Олар оның медицина саласындағы жетістіктерімен қатар, журналистикаға деген сүйіспеншілігін, қаламынан шыққан шығармаларын да жоғары бағалап, оның ізденімпаздығына тәнті екенін жеткізді.
Шара барысында оған шапан жауып, төс белгімен марапатталды. Бұл сәттер нағыз ұлы дәрігердің еңбегіне көрсетілген құрмет пен оның адамгершілік болмысын жоғары бағалаудың жарқын көрінісі болды.
Бұл мерейтой – оның өмірінің жарқын белесі ғана емес, сонымен қатар медицинаның дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғаға құрмет көрсетудің айрықша күні болды.