Қордай ауданында күрделі оталарды жасау бойынша шеберлік сыныптары өтті

Қордай ауданының орталық ауруханасының 100 жылдығына орай Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасының облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігерлері мен облыстың бас хирургының қатысуымен шеберлік сыныптары өткізілді.

Оның барысында бірқатар науқастар тексеріліп, оларға дәрігерлік кеңестер берілді. Сонымен қатар, үш науқасқа күрделі оталар жасалды:

1. Науқас М, 1992 жылы туған. Бұрын соқыр ішекке ота жасалғаннан кейін, сол жерде инфильтративті абсцесс пайда болып, жіңішке ішек сегменттеріне жабысып, ішек түйілуіне әкелген. Науқасқа пароректалды лапаротомия, ішекті тексеру, сигма тәрізді ішектің зақымдалған бөлігін алып тастау (резекция) және илеотрансверзоанастомоз (ішектің кесілген бөліктерін қосу) жасалды.

2. Науқас Д, 1970 жылы туған. Екі ай бұрын Астана қаласында жүрек ақауына байланысты артерияның коронарлы шунттауы бойынша ота жасалған. Отадан кейін төс аймағындағы жара іріңдеп кеткендіктен, Қордай аудандық орталық ауруханасының хирургия бөліміне медиастинит диагнозымен жатқызылды. Облыстық аурухананың хирург дәрігерлерінің қатысуымен стернотомия (кеуде қуысын ашу), медиастинаны тазарту және бюлау әдісімен дренаж жасау операциясы жасалды(бұл кеуде қуысындағы немесе өкпе айналасындағы жиналған сұйықтықты, іріңді немесе ауаны шығару үшін қолданылатын медициналық процедура).

3. Науқас В, 1960 жылы туған. Бұл науқас бір жыл бұрын Қордай аудандық орталық ауруханасына панкреонекроз, перитонит және іш құрылысының абсцессі диагноздарымен түскен. Сол кезде тоқ ішектің сигма тәрізді бөлігінің резекциясы жасалып, колостома шығарылған болатын. Науқас бір жыл бойы колостомамен жүрді. Одан кейін ол гигантты вентральды жарықпен ауырды.

Облыстың хирург дәрігерлерінің қатысуымен науқасқа екі ота жасалды: асқазан-ішек жолдарының үздіксіздігін қалпына келтіру бойынша реконструктивті операция (коло-коло анастомоз) және жарықты пластикалық сетка арқылы тігу. Нәтижесінде, науқастың табиғи жолмен үлкен дәретке шығу қабілеті қалпына келтіріліп, ота сәтті аяқталды.