Облыстық дәрігерлер Сарысу ауданында қабылдау өткізді

Жарияланған күні: 2025-05-20

Облыстық дәрігерлер Сарысу ауданында қабылдау өткізді

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Алмас Исаков жетекшілік еткен білікті дәрігерлер тобы Сарысу ауданына арнайы іссапармен барып, ауыл тұрғындарына кешенді медициналық көмек көрсетті.

Делегация құрамында еңбек ардагері, медицина ғылымдарының кандидаты Сағындық Ордабеков те болды. Ол М.Әуезов гимназиясының бітіруші түлектерімен кездесіп, болашақ мамандық таңдау жайында ақыл-кеңес беріп, медицинаға бет бұрған оқушыларға ақ батасын арнады.

Сапар барысында ревматолог, кардиолог, невропатолог, эндокринолог, гинеколог, ангиохирург және хирург сынды түрлі бейіндегі мамандар 100-ден астам тұрғынды қабылдап, диагностикалық тексерулер жүргізді. Сонымен қатар, хирургиялық топ үш науқасқа жоспарлы операция жасады.

Алмас Исаков аудандық аурухананың жан сақтау, терапия және қабылдау бөлімдерін аралап, медицина қызметкерлерімен кездесіп, емдеу ісін жетілдіру мен стационарлық көмектің сапасын арттыруға қатысты әдістемелік кеңестер берді.

Мұндай іс-шаралар шалғай аймақ тұрғындарына сапалы медициналық қызмет қолжетімділігін арттырып, өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға бағытталған.

             

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының білікті дәрігерлері Сарысу ауданында шеберлік сабағын өткізді

Сарысу ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының мамандары күрделі оталар жасап, науқастарға кеңес беріп, шеберлік сабағын өткізді. Іс-шара шалғай өңірлердегі медициналық қызмет сапасын арттыруға және жергілікті дәрігерлермен тәжірибе алмасуға бағытталған.

Шеберлік сабағы барысында күрделі диагнозы бар бірнеше науқасқа ота жасалды. 1968 жылы туған, С гепатитімен және өңеш веналарының III–IV дәрежелі варикоздық кеңеюімен есепте тұрған науқасқа қан кетудің алдын алу мақсатында өңештегі тамырларды эндоскопиялық әдіспен таңу отасы сәтті жүргізілді.

1970 жылы туған тағы бір пациентке өт-тас ауруы диагнозымен лапароскопиялық холецистэктомия (өт қалтасын алып тастау) жасалды. Ота аз инвазиялық әдіспен, ауырсынусыз және асқынусыз өтті.

Ал 1969 жылы дүниеге келген, 2 типтегі инсулинге тәуелді қант диабетімен және оң аяқтағы диабеттік аяқ синдромы мен флегмона диагнозымен түскен науқасқа – аяқ-қолды сақтап қалу мақсатында, жұмсақ тіндерге барынша үнемшіл тәсілдер қолданылып, органды сақтап қалуға бағытталған хирургиялық ем жүргізілді. Нәтижесінде, қабыну ошағы жойылып, аяқтың қызметі сақталды.

Оталарды Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының тәжірибелі дәрігерлері – эндоскопиялық хирург Жәнтөре Молдашев пен тамыр хирургиясының маманы Арман Ұлтараков жасады. Олар өз кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, облыстық және аудандық медицина арасындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижесін көрсетті.

Шеберлік сабағы жоғары деңгейде өтті. Бұл шара шалғайдағы өңір тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету ісін нығайтуда маңызды үлес болып табылады.