Бүгін Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында «QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағының республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлиакпар Болатұлы Матишев және төраға кеңесшісі Елжан Амантайұлы Біртанов мекеме қызметкерлерімен кездесті.
Бұл басқосуда сала қызметкерлерінің жағдайы мен жетістіктері, сондай-ақ алдағы жоспарлар мен кәсіподақтың даму бағыттары талқыланды.
Әлиакпар Болатұлы Матишев өз сөзінде денсаулық сақтау саласының дамуы мен қызметкерлерінің әлеуметтік құқықтарын қорғау – кәсіподақтың басты мақсаттарының бірі екенін атап өтті. Ол әсіресе дәрігерлер мен мейірбикелердің еңбек жағдайларын жақсарту, олардың құқықтарын қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, Елжан Амантайұлы Біртанов кәсіподақтың басты міндеті – медициналық қызметкерлердің алдында тұрған мәселелерді анықтап, солардың шешімін табу үшін тиімді шаралар қабылдау екенін атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар саланың өзекті мәселелері мен олардың шешу жолдары туралы ой бөлісіп, кәсіподақтың алдағы уақытта да медициналық қызметкерлердің әл-ауқатын жақсарту бағытында жұмыс істейтініне сенім білдірді.