Меркі ауданына жұмыс сапар

Жарияланған күні: 2025-05-16

Облыстық аурухана дәрігерлері ауылдықтардың денсаулығын қарап тексеруге барды

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының білікті дәрігерлері Меркі ауданына жұмыс сапарымен барып, ауыл тұрғындарын қабылдап, оларға медициналық-консультативтік тексерулер жасады.

Сондай-ақ, шалғай ауылдардағы стационарлық қызмет сапасын жақсарту, олармен тәжірибе алмасу, кеңестер беру және медициналық қызметтің тиімділігін арттыру барысында бірқатар жұмыстар атқарды.

Аудандық ауруханаға келген делегация құрамында облыстық аурухананың инфекциялық бақылау және ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстар жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Алмас Исаков болды. Ол аурухананың бірқатар бөлімшелерін аралап, соның ішінде жан сақтау, терапия және қабылдау бөлімдеріндегі жұмыс барысын көріп, пациенттерге қосымша емдер тағайындау туралы нұсқамалар айтты. Сонымен қатар, медициналық персоналмен кездесіп, ұйымдастырушылық мәселелер бойынша ұсыныстар мен әдістемелік кеңестер беріп, бірқатар жаңаша заманауи емдік тәсілдер түрлерімен бөлісті.

Қабылдауды ревматолог, невропатолог, кардиолог, эндокринолог, гинеколог, ангиохирург және хирург сынды түрлі бейіндегі дәрігерлер жүргізіп, бір күнде 200-ден аса адам қабылдады.

Алмас Еркінбекұлының айтуынша, бүгінде облыс көлемінде сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметті қамтамасыз ету – басым бағыттардың бірі. “Мақсатымыз – шалғай аудандардағы стационарлық көмектің сапасын облыс орталығындағы деңгейге жақындату. Бұл тек медициналық жабдықтармен немесе инфрақұрылыммен шектелмейді. Ең алдымен, тәжірибе алмасу, тиімді тәсілдерді енгізу және мамандардың кәсіби қолдауы маңызды”, – дейді ол.

   

 

   

Облыстық аурухана дәрігерлері Меркіде шеберлік сыныбын өткізді

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының жоғары білікті мамандары Меркі ауданына арнайы барып, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетті. Көшпелі іс-шара аясында дәрігерлер қабылдау өткізіп, кеңес беріп, диагностикалық тексерулер жүргізді. Осындай көмекті қажет еткендердің қатарында 30 жастағы меркелік тұрғын да болды.

Дәрігерлердің айтуынша, пациент бұған дейін алдын ала тексеруден өткен. Медициналық қорытындыға сәйкес, ол – жеті мәрте жүкті болып, бес баланы дүниеге әкелген көп балалы ана. Соңғы босануы 2023 жылы кесар тілігі арқылы егіз сәбиді өмірге әкелген кезінде өткен. Сонымен қатар, екі рет жасанды түсік жасатқан. Қайталанған босанулар мен ота салдарынан жатырында тыртық пайда болған. Әйел басқа контрацепция әдістерін қолдана алмаған және болашақта жүктілікті жоспарламайтынын айтқан. Осы себепті дәрігерлер оған ерікті түрде хирургиялық стерилизация жасатуға кеңес берген.

Пациенттің жағдайы тұрақты болғандықтан, дәрігерлер лапароскопиялық стерилизация жасауды ұйғарды. Бұл әдіс – ішті үлкен тіліксіз, арнайы құралдардың көмегімен шағын тесіктер арқылы жасалатын операция. Ота барысында екі жақты фаллопий түтікшелері байланып, кесілді. Бұл – жүктіліктің алдын алуға арналған біржолғы әрі тиімді медициналық тәсіл.

Аталған операция гинекология бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты гинеколог-дәрігер Сұлтан Халықовтың қатысуымен өткізілген шеберлік сабағы аясында жасалды. Бұл жас мамандар үшін мол тәжірибе алмасуға, ал ауыл тұрғындары үшін қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік берді.

Хирургиялық араласу сәтті аяқталып, науқастың жағдайы бірқалыпты. Қазіргі таңда ол дәрігерлердің бақылауында.

Жалпы, мұндай көшпелі шаралар ауылдық аймақтардағы халықтың денсаулығын нығайтуда, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, бұл тәжірибелі және жас дәрігерлер арасында кәсіби білім мен тәжірибе алмасуға үлкен септігін тигізеді.

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы алдағы уақытта да осындай іс-шараларды жалғастырып, ел денсаулығын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізе бермек.