Медициналық зертханаларда сапаны басқару жүйесі бойынша семинар өтті
Медициналық қызметтердің сапасын арттыру және медициналық ұйымдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ҚРДенсаулық сақтау министрлігі Медициналық ұйымдарды аккредиттеу әдістерін дамыту жөнінде шаралар қабылдады. Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға көмектесетін медициналық ұйымдар үшін Ұлттық аккредиттеу стандарттары әзірленді.
Жамбыл облысының клиникалық-диагностикалық зертханаларында медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында Жамбыл облыстық көпбейінді аурухана базасында бас дәрігер Марат Жұманқұловтың ұйымдастыруымен "Медициналық зертханалардағы сапаны басқару жүйесі" атты семинары өтті.
Семинарға бас дәрігерлердің сараптама және сапаны бақылау жөніндегі орынбасарлары, медициналық зертханалардың меңгерушілері, сапа жөніндегі менеджерлер, зертхана мамандары, облыстық және қалалық мекемелердің аға зертханашылары қатысты.
Оқытуды С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ клиникалық зертханалық диагностика кафедрасының меңгерушісі, Ұлттық аккредиттеу орталығының бағалаушысы, 15 189 стандарты бойынша ҰКО Техникалық комитетінің төрағасы, жоғары санатты дәрігер, м. ғ. к. доцент Д.Ж.Батырбаева жүргізді.
Осы курстың көмегімен зертхана басшылары, сапа менеджерлері және негізгі қызметкерлер медициналық ұйымдардың құрамындағы ұлттық стандарт шеңберінде, ұлттық аккредиттеу орталығы (ҰКО) жүргізетін 15189 стандарты бойынша аккредиттеуден өту үшін оқытылды.