


2026 жылғы 11 маусымда Жамбыл облыстық көпсалалы ауруханасының конференц-залында Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен «Кардиоренометаболикалық синдром: пациенттерді басқарудың пәнаралық тәсілі» тақырыбында ғылыми-білім беру конференциясы өтті. Конференция барысында семіздік, 2 типті қант диабеті, жүрек-қантамыр аурулары және созылмалы бүйрек аурулары бар пациенттерді диагностикалау, алдын алу және емдеудің заманауи тәсілдері, сондай-ақ оларды пәнаралық басқарудың өзекті мәселелері талқыланды. Конференцияда медицина ғылымдарының кандидаты, Азиялық қант диабетін зерттеу қауымдастығының (AASD) Атқарушы комитетінің мүшесі, халықаралық сарапшы Ақанов Жанай Айқанұлы және ҚР ДСМ Қазақ кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының дәрігер-кардиологы Ілиясова Әсел Алмасқызы баяндама жасады. Іс-шараға Тараз қаласының және Жамбыл облысы аудандарының медициналық ұйымдарынан жалпы тәжірибелік дәрігерлер, кардиологтар, нефрологтар және эндокринологтар қатысты. Конференцияға жалпы саны 46 дәрігер қатысып, клиникалық тәжірибе алмасып, халықаралық ұсынымдар негізінде өзекті мәселелерді талқылады. Конференция мамандар арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және кардиоренометаболикалық синдромы бар пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етті.