Денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған спартакиадада «Бәйтерек» командасы жеңімпаз атанды

Жарияланған күні: 2026-06-13

Денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған спартакиадада «Бәйтерек» командасы жеңімпаз атанды Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Медицина қызметкерлері күніне орай спорттың футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, шахмат, жеңіл атлетика және үстел теннисі түрлерінен облыстық спартакиада өтті. Аталған жарыста Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы, Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы, Жамбыл облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы, Облыстық қан орталығы, Арнайы медициналық жабдықтау базасы және Айша бибі шипажайының қызметкерлерінен құралған «Бәйтерек» командасы жоғары дайындық пен ұйымшылдық танытып, жалпы командалық есепте І орынды иеленді. Жарыс қорытындысы бойынша команда волейболдан ІІ орын, футболдан ІІІ орын алды. Сонымен қатар, жеңіл атлетикадан 100 метр және 1500 метр қашықтыққа жүгіру сайыстарында І орындарды, шахматтан І орынды жеңіп алып, команданың жеңіс қоржынына маңызды ұпайлар қосты. Жеке есепте үстел теннисінен ерлер арасында Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының гинекология бөлімшесінің қызметкері Есжанов Нұржан Қадырбергенұлы І орынға, ал әйелдер арасында қабылдау бөлімінің мейіргері Балабекова Амина Түлкібайқызы ІІІ орынға ие болды. Спартакиада медицина қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға және ұжымдық бірлікті нығайтуға бағытталды. «Бәйтерек» командасының жеңісі ұйымдардың өзара ынтымақтастығы мен қызметкерлердің спортқа деген қызығушылығының жоғары деңгейін көрсетті. Команда мүшелерін жарқын жеңістерімен құттықтап, алдағы уақытта да толағай табыстар тілейміз!