Ардагерлер күніне орай Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек бастаған топ медицина саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарған ардагер дәрігерлер – Абдулхалил Мусаев пен Рымхан Шолпанбековтың үйлеріне арнайы барып, құрмет көрсетті.
Абдулхалил Мусаев 1948 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 1973 жылы Семей мемлекеттік медицина институтын тәмамдап, өмірін хирургия саласына арнады. Ол Жамбыл облыстық ауруханасында тамырлы хирургия бөлімшесін басқарды, көптеген жас мамандарға тәлімгер болды. Артерия, тамыр және қолқа патологияларын емдеу әдістерін енгізіп, денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосты. «Құрметті ардагер» төсбелгісінің иегері.
Рымхан Шолпанбеков 1952 жылы Талас ауданында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген соң, Жамбыл қалалық жедел жәрдем ауруханасында хирург, травматолог-ортопед болып еңбек етті. Еңбек жолында аудандық және облыстық деңгейде медицина саласының дамуына өз үлесін қосқан. Қазақстан дәрігерлер қауымдастығының «Алтын дәрігер» медалі мен «Еңбек ардагері» медалінің иегері.
Басқарма басшысы ардагерлердің қажырлы еңбегі мен үлгілі өмір жолына алғыс айтып, олардың жас мамандарға үлгі екенін ерекше атап өтті.
Ардагерлер көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, бүгінгі буынға ақ баталарын берді.