


Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының делегациясы Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығына жұмыс сапарымен барды
Бүгін Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының басшысы Марат Сейтбекович Джуманкуловтың жетекшілігімен аурухана делегациясы «Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» АҚ-да жұмыс сапарымен болды.
Іссапардың басты мақсаты – ана мен бала денсаулығын сақтау, акушерлік-гинекологиялық көмектің сапасын арттыру, жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту, сондай-ақ екі ұйым арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайту.
Сапар аясында делегация Орталықтың Басқарма төрағасы Ардак Керимханович Аязбековпен және жетекші мамандарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында акушерия, гинекология, перинатология, репродуктивті медицина, анестезиология және реанимация, инфекциялық бақылау мен эпидемиологиялық қауіпсіздік бағыттарындағы өзекті мәселелер талқыланып, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары қарастырылды.
Кездесу қорытындысында «Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» АҚ мен «Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы» ШЖҚ МКК арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум медициналық ұйымдар арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытуға, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға, ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыруға, инновациялық медициналық технологияларды енгізуге және пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын одан әрі жетілдіруге бағытталған.
Ресми кездесуден кейін ЖОМБ делегациясы Орталықтың клиникалық бөлімшелерінің жұмысымен танысты. Делегация мүшелері гинекология, акушерия, босану блогы, анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерін, сондай-ақ эпидемиологиялық қызметтің қызметін аралап көрді. Орталық мамандары медициналық көмекті ұйымдастырудың заманауи үлгілерін таныстырып, клиникалық тәжірибелерімен бөлісті.
Іссапар бағдарламасы аясында Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігерлері күрделі хирургиялық операцияларға қатысып, клиникалық жағдайларды бірлесіп талқылап, жетекші мамандардың қатысуымен тәжірибелік тағылымдамадан өтуде. Бұл олардың кәсіби біліктілігін арттыруға және өңірде заманауи медициналық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы үшін мұндай кәсіби кездесулер тәжірибе алмасудың, жаңа білім мен технологияларды игерудің және медициналық көмектің сапасын үздіксіз жетілдірудің маңызды тетігі болып табылады. Қол жеткізілген келісімдер алдағы уақытта екі медициналық ұйым арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтып, өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.