

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы төтенше жағдайларға дайындық бойынша жоғары бағаға ие болды
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы арасындағы келісім шеңберінде 2026 жылғы 30 маусым мен 1 шілде аралығында Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының жетекшілігімен, ICAP және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (ДДҰ) серіктестікте іске асырылып жатқан «Ауруханалардың төтенше жағдайларға дайындық деңгейін бағалау» пилоттық жобасы аясында мониторинг жүргізілді.
Сараптамалық бағалауды келесі құрамдағы жұмыс тобы жүргізді:
• Зауре Даделқызы Ахметова – Қазақстан Республикасы Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы Басқарма төрағасының кеңесшісі.
• Бибігүл Әубәкірова – Қазақстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Елдік кеңсесінің ұлттық офицері;
• Асем Сүлейменова – Columbia University жанындағы ICAP бағдарламасының маманы;
Мониторингтің мақсаты – медициналық ұйымның төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға дайындығын кешенді бағалау, басқару жүйесінің тиімділігін, персоналдың даярлық деңгейін, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін, сондай-ақ төтенше жағдайлар жағдайында медициналық көмектің үздіксіз көрсетілуіне дайындығын талдау.
Бағалау қорытындысы бойынша Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасына «В» деңгейі берілді. Бұл көрсеткіш төтенше жағдайларға жақсы дайындық деңгейіне сәйкес келеді және мекемедегі жұмыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, басқару жүйесінің тиімділігін, сондай-ақ төтенше жағдайларға жедел ден қоюға жеткілікті дайындықтың бар екенін көрсетеді. Сонымен қатар, бұл деңгей қысқа мерзімді перспективада қосымша күшейтуді қажет ететін жекелеген бағыттардың бар екенін де айқындайды. Бұл пациенттер мен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін одан әрі арттыруға, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде және олардан кейін аурухананың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Аталған іс-шараның маңыздылығы пилоттық жобаның Жамбыл облысындағы небәрі екі медициналық ұйымда – Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы мен Меркі орталық аудандық ауруханасында жүзеге асырылып жатқандығында. Алынған нәтижелер медициналық ұйымдардың төтенше жағдайларға дайындық жүйесін одан әрі жетілдіруге негіз болып, болашақта жобаны еліміздің басқа да медициналық ұйымдарына кеңінен енгізу кезінде пайдаланылатын болады.
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының әкімшілігі сарапшыларға ұжым жұмысына берген жоғары бағасы, кәсіби ұсыныстары және нәтижелі ынтымақтастығы үшін шынайы алғысын білдіреді. Қол жеткізілген нәтиже – пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, медициналық көмектің үздіксіз көрсетілуін сақтау және кез келген төтенше жағдайларға жедел ден қою бағытында аурухана ұжымының жүйелі жұмысының айқын дәлелі.